Шымкентте модульдік полиция пункті ашылды
Шымкентте модульдік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елімізде полиция қызметінің сервистік моделіне көшу жайлы тапсырма берген болатын. Осыған орай бүгін Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында полицияның заманауи тірек пункті қолданысқа берілді. Онда тәртіп сақшыларының халықпен тығыз жұмыс істеуіне жағдай жасалып, тұрғындар көп жүретін қала орталығына қажет қондырғылармен жабдықталған.
– Бұл бекетте қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайтын, аумақты патрульдейтін полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді. Яғни, тұрғындар кез келген уақытта сақшылардың көмегіне жүгіне алады, – дейді полицейлер.
Модульдік арнайы жарақтанған пункттер арқылы қала тұрғындары полиция қызметкерлеріне заң талаптарының бұзылуы жайлы арыз-шағым жазумен бірге, өтініштеріне сәйкес түрлі қажетті заң кеңестерін де ала алады. Модульдік полиция пункттерінің құрамында учаскелік полицейлер, кәмелеттік жасқа толмағандардың ісімен айналысатын инспекторлар және полицияның жедел уәкілдері бар.
Айта кетейік, модульдік полиция пунктері құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.