Шымкентте пәтер ұрлығының 15 дерегіне қатысы бар күдікті құрықталды
Шымкентте пәтер ұрлығының 15 дерегіне қатысы бар күдікті құрықталды. Жәбірленушілерге 30 млн теңгеге жуық шығын келген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай АПБ-ға шілде-қараша айлары аралығында жеке тұрғын үйде тұратын оннан астам азамат арызданған. Жергілікті тұрғындар өздері үйде жоқ кезде белгісіз тұлға үйдің терезесі арқылы ішке кіріп, ақша мен алтын бұйымдарын жымқырып кеткенін жеткізді. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 30 млн теңгеге жуықтайды.
Аталған арыздарды полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Күдіктінің жеке басын анықтау және оны ұстау үшін жедел қызметкерлерге бірнеше ай қажет болды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары барлық пәтер ұрлығына бір адамның қатысы бар деген күдікпен бұған дейін дәл осындай қылмысы үшін сотты болған жас жігітті анықтады. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінде ұстады.
Полицейлер күдіктіні Полиция басқармасына жеткізді. Қазіргі таңда оның бөтеннің мүлкін ұрлаудың 15 жайтына қатысы бар екендігі дәлелденді. Сотқа дейінгі тергеу барысында ол ұрланған алтын зергерлік бұйымдарды қала базарларына өткізіп, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсағаны анықталды. Сот ер адамды қамауға алуға рұқсат берді. Тәртіп сақшылары күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.