Шымкентте полицейлердің заңды талабына бағынбаған жүргізуші жауапқа тартылды
Шымкентте полицейлердің заңды талабына бағынбаған жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселен, 20 қыркүйекте Темірлан тас жолы бойында Lexus маркалы автокөлікті басқарып келе жатқан Шымкент қаласының тұрғыны терезесі күңгірттелгені үшін тоқтатылған.
Алайда азамат полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, кетіп қалмақшы болған. Тәртіп сақшысы автокөлікті мәжбүрлі түрде тоқтату шараларын қолданған.
Оған қарамастан, автокөлік иесі полиция қызметкері қойған заңды талапты тағы бұзып, орнынан қозғалған. Солайша полиция қызметкері автокөлік жүргізушісіне ескерту жасаған.
Нәтижесінде жергілікті тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігімен (Күңгірттеу) және ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабына сәйкес полиция қызметкерінің көлiк құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны үшін хаттама толтырылды. Ал автокөлік айыптұраққа қойылды.