Шымкентте қалта ұрлығымен айналысқан күдікті ұсталды
Шымкентте қалта ұрлығымен айналысқан күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкенттік полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аялдамаларда ұялы телефон ұрлап, оны сатуды кәсіпке айналдырған қалта ұрысын ұстады.
Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында белгісіз тұлға «Алаш» аялдамасында адамның көптігін пайдаланып, күртешесінің қалтасынан ұялы телефонын жымқырғанын жазып көрсеткен.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті ер азаматты ұстады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ұсталған адам Шымкент қаласының 38 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазірдің өзінде күдіктінің қалта ұрлығының 11 жайтына қатысы бар екені белгілі болды. Сондай-ақ, осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.