Шымкентте “Қорғау” қосымшасы арқылы көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші анықталды
Шымкентте “Қорғау” қосымшасы арқылы көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 тамызда жедел басқару орталығының инспекторлары бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған ер адамның басқаруындағы автокөлікті анықтады. Дулати көшесімен келе жатқан құқық бұзушының басқаруындағы Toyota Camry туралы ақпаратты «Қорғау» бағдарламасы берді.
Автокөлік тізгіндеушісі осы жылдың наурыз айында мас күйінде көлік жүргізгені үшін құқығынан айырылғаны белгілі болды. ЖБО-ның кезекшісі оны ұстауға патрульдік полиция полкінің автоэкипажын бағыттады. Көлікті тоқтатқан соң ер адам құжаттарын ұсынудан түбегейлі бас тартты. Кейін, көлігін кілтпен құлыптап, жақын маңдағы дүкенге бару керек екенін айтып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысты.
Алайда, тәртіп сақшылары оған айласын іске асыруға мүмкіндік бермеді. Заң бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.