Шымкентте ҚР ІІМ Ұлттық ұлан офицері жылдың үздік жас әскери қызметшісі атанды
Шымкентте ҚР ІІМ Ұлттық ұлан офицері жылдың үздік жас әскери қызметшісі атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкентте қала әкімінің «Үздік жастар – 2024» премиясының иегерлері марапатталды. Шараны Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
Іс-шарада жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқаудың мақсаты – түрлі салаларда жемісті жұмыс істейтін жас мамандарды қолдау, олардың жетістіктерін насихаттау, жастардың рухын көтеру және оларды елге адал қызмет етуге ынталандыру екендігі атап өтілді.
Іс-шара талантты және креативті жастарды біріктірді. Олар жүзеге асырған көптеген жобалар Шымкентте танымал. Мұнда ең үздік жас әскери қызметші, мұғалім, дәрігер, тілші, кәсіпкер, оператор, ғалым және т.б. барлығы 20 номинация болды. Олардың әрқайсысы тәжірибе мен жетістіктермен бөлісуге дайын.
Үздік жас әскери қызметші номинациясы бойынша ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің офицері Бекжан Мәлік жеңімпаз атанды. Ол марапатты Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың қолынан алды.
– Менің қуанышымда шек жоқ. Қаламыздың ең үздік жас мамандарының қатарында болу өте керемет. Бірақ бұл менің еңбегім ғана емес, отбасым мен әріптестерімнің де еңбегі, – деп атап өтті Бекжан.
Естеріңізге сала кетейік, байқауға 14-35 жас аралығындағы 153 үміткерден өтінім түскен. Арнайы құрылған комиссияның шешімімен 20 азамат өз саласында үздік деп танылды. Оларға Шымкент әкімі атынан дипломдар, арнайы мүсіншелер және сыйлықтар табыс етілді.