Шымкентте қызылордалық жасөспірім құрдасының телефонын тартып алған
Шымкентте қызылордалық жасөспірім құрдасының телефонын тартып алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының саябағында кәмелет жасына толмаған бала жас жеткіншектің қолындағы ұялы телефонын күш көрсетіп, алып қойған. Яғни, ол жалғыз өзі саябақта серуендеп жүріп, қарама-қарсы бағытта келе жатқан баланың қолындағы гаджетіне көзі түседі. Содан жасөспірім 16 жастағы жәбірленушіге тиесілі құны 140 мың теңге болатын смартфонды заңсыз жолмен иемденіп, қашып кеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы 1- бөлігі (Тонау, яғни бөтеннің мүлкін ашық жымқыру) бойынша тіркеуге алынды.
Шымкент қаласы ПД Әл-Фараби АПБ-ның тәртіп сақшылары күдіктіні табу мақсатында жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде, 17 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Жас жеткіншек Қызылорда қаласынан Шымкент қаласына қыдырып келгені белгілі болды.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.