Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте спортшы полицейлер студенттермен кездесті

Шымкент қаласындағы "Мирас" университетінде ерекше әрі шабытқа толы кездесу өтті. Студенттер алдында полиция қызметкерлері – джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Есет Байғараев және панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұржан Бекзатов сөз сөйледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ашық диалог "Мирас жастары – салауатты болашақтың амбассадорлары" тақырыбы аясында ұйымдастырылды.

Спикерлер өз қызметтері туралы айтып, спорттың адам өміріндегі рөлі, тәртіп пен табандылықтың маңызы жайында өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олардың айтуынша, спорт – ең алдымен мінезді қалыптастыратын үлкен мектеп. Есет Байғараев нәтижеге жетудің басты шарты ішкі тәртіп екенін атап өтті. Ал Нұржан Бекзатов салауатты өмір салты – саналы таңдау екенін жеткізді.

– Бүгінгі жастар – ертеңгі қоғамның айнасы. Қазір таңдаған құндылықтарыңыз елдің болашағын айқындайды, – деді полиция қызметкерлері.

Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, түрлі сұрақтар қойды. Әсіресе, оқу мен спортты қатар алып жүру, күн тәртібін дұрыс құру, мотивацияны жоғалтпау жолдары көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Спикерлер нақты кеңестерімен бөлісіп, дұрыс орта мен күнделікті әдеттердің адам өміріне тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті.

Студенттердің айтуынша, мұндай кездесулер олардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа серпін береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру