Шымкентте телефон ұрлаған ер адам ұсталды
Шымкентте ұялы телефон ұрлаған 44 жастағы тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 7 қаңтарда таңғы сағат 09:10 шамасында орын алған. Белгісіз тұлға Samsung A52 маркалы ұялы телефонды ұрлап кеткен.
Әл-Фараби АПБ-ның кезекші бөліміне 58 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Ол арызында, өзінің автотұрағында орналасқан уақытша демалу бөлмесінде жүргенінде белгісіз тұлға оның Samsung A52 ұялы телефонын ұрлап алып, заңсыз иемдену үшін оқиға орнынан бой тасалағандығын жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 150 мың теңге.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігінің 1-тармағымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің ізін суытпай, бір тәулік ішінде Түркістан қаласының аумағынан қолға түсірді. Ол Түркістан қаласының 44 жастағы жұмыссыз тұрғыны болып шықты.
Қазіргі кезде ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Айғақты зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осы тектес жайттарға қатыстылығын анықтап жатыр. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.