Шымкентте телефон ұрлаған әйел құрықталды
Шымкентте телефон ұрлаған әйел құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент ҚПД Абай аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан арыз келіп түседі. Жәбірленушінің айтуынша, ол қаладағы базарлардың бірінде орналасқан дәмханада телефонын қуаттағышқа қойып, қайта келген кезде телефоны болмай шыққан. Осылайша белгісіз тұлға жәбірленушінің телефонын ұрлап, 120 мың теңгеден астам шығын келтіреді.
Аталған жайт Абай АПБ-мен тіркеліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша енгізілді. Ұялы телефонын жоғалтқан әйелге көмектесіп, қылмысты ашу мақсатында полицейлер тарапынан барлық қажетті іс-шаралар іске асырылды.
Нәтижесінде тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктіні анықтап, ұстады. Ол жас келіншек болып шықты. Қазіргі таңда күдікті азаматшаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.