Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте төрт мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды

Шымкентте төрт мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы ПД-нің полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында, күнделікті жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша тұрақты іс-шара жүргізуде. Осындай шара барысында Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің қызметкерлері өз қызметтік міндеттерін атқару кезінде артқы айнасы жоқ Audi 100 автокөлігін тоқтатты. Әкімшілік хаттаманы толтыру кезінде полицейлер жүргізушіден мас болу белгілерін байқаған, осыған байланысты медициналық тексеруден өтуін сұраған. Нәтижесінде жүргізушінің «орташа дәрежедегі» мас күйде екені анықталды. Ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) және 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) бойынша жауапкершілікке тартылды.

Дәл осындай оқиға Республика даңғылының бойында да орын алды. Патрульдік полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмір белгісін жарықтандыруы жоқ болғаны үшін Mitsubishi Montero автокөлігін тоқтауды талап етті. Алайда жүргізуші полицияның талабын елемей, қозғалысын жалғастырды. Тәртіп бұзушы Гагарин көшесінің бойында тоқтатылды. Наркологиялық диспансердегі сараптама қорытындысы бойынша жүргізуші мас болған.

Кешкі уақытта Жібек жолы көшесімен келе жатқан Daewoo Matiz көлік тізгіндеушісі де полицейлердің заңды талабына бағынбады. Тәртіп сақшылары көліктен алкогольдің иісін байқаған. Жас жігіт те мас болып шықты.

Бәйдібек би көшесін патрульдеу кезінде Mersedes-Benz көлігінің жол жиегіне жабысып, тым төмен жылдамдықпен келе жатқаны инспекторлардың күдігін ұялатқан. Медициналық сараптама жүргізушінің орташа деңгейде мас халде екенін көрсетті.

Заңға сәйкес, барлық төрт құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру