Шымкентте түнгі ойын-сауық орындарында болған жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылды
Шымкентте түнгі ойын-сауық орындарында болған жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 желтоқсан күні Абай ауданының ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу және балалардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүруіне жол бермеу мақсатында рейд өткізді.
Түнгі патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары беймезгіл уақытта ойын-сауық мекемелерінде болған, кәмелетке толмаған 15 баланы анықтады. Олардың ата-аналары жауапқа тартылды.
Заңды өкілдерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша хаттама толтырылды. Ал мұндай заң бұзушылыққа жол берген кәсіпкерлерге әкімшілік кодекстің 132-бабына сәйкес айыппұл салынды.
Полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын еске салады.