Шымкентте үздік тергеушілер марапатталды
Шымкентте үздік тергеушілер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы полиция департаментінде Тергеу құрылымының 60 жылдығына арналған мерекелік жиын өтті. Салтанатты шараға тергеу саласының майталмандары, ардагерлер, үздік тергеушілердің аналары, прокурорлар мен департаменттің басшылық және жеке құрамы қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков тергеу саласының тарихына жеке тоқталып, оңтүстік өңірде елеулі еңбек еткен ардагер тергеушілерге айрықша алғыс білдірді.
Сондай-ақ полициямен бірлесіп, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін Шымкент қалалық прокуратурасының қызметкерлерін де мерекемен құттықтап, қатардағы әріптестері мен тергеу басқармасының жұмысына қажымас қайрат пен толағай табыс тіледі.
– Баршаңызды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Қызметте абыройларыңыз биік, мерейлеріңіз үстем болсын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, – деп қорытындылады Қайрат Дәлбеков.
Ізгі тілектің соңы марапаттау рәсімімен жалғасты. Атап айтқанда, 10 үздік тергеушінің анасына ішкі істер министрінің атынан алғыс хат пен гүл шоқтары табысталып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар зейнеттегі ардагерлер “Тергеу құрылымына – 60 жыл” медалімен марапатталды. Бұған қоса, қызметтік міндеттерін үздік атқарғаны үшін ішкі істер министрінің бұйрығымен Ержан Ақмолда мен Жәнібек Тұрлыбаевқа Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалі табысталды. Тағы алты тергеушіге ішкі істер министрінің алғыс хаты мен грамотасы берілді.
Сондай-ақ Шымкент қаласы прокурорының бұйрығымен жұмыс барысында жоғары нәтижеге қол жеткізген 7 тергеуші Құрмет грамотасымен марапатталды. Оның ішінде Нұртас Мажимбеков, Нұржан Арипбаев сынды тегеурінді тергеушілер бар.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бұйрығымен қызметтік міндетін адал атқарған алты тергеуші алғыс хат иеленді. Ал полиция департаменті бастығының атынан “Үздік тергеуші” номинациясымен Еркебұлан Бердіқұлов, Қуанышбек Рүстем және тағы төрт тергеуші марапатталды. Сондай-ақ 52 қызметкерге алғыс жарияланды. Марапаттау рәсімінің соңы эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты.