Қызылорда облысында пробация есебіндегі азамат қайтарымсыз грант ұтып алды
Қызылорда облысында пробация есебіндегі азамат қайтарымсыз грант ұтып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Арал аудандық пробация есебіндегі С.есімді сотталған “Бастау Бизнес” жобасы аясында кәсіпкерлік негізінде Атамекен кәсіпкерлік палатасында оқытылып, мал шаруашылығын дамыту бойынша бизнес жобасын дайындап, 1млн 380мың теңге көлемінде мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант ұтып алды.
– Мемлекет тарапынан біз секілді азаматтарға қолдау көрсетіп, қайтарымсыз грант бөлініп жатқандығы бизнес жобамыздың жандануына септігін тизгізгеніне өте қуаныштымын. 2022 жылдың қараша айынан бастап Арал аудандық пробация есебіне алындым. Тұрақты жұмысым болмаған соң жеке кәсіп ашсам деген ниетпен пробация қызметкерлерінен құқықтық көмек алып, нәтижесінде мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алдым. Мал шаруашылығымен айналысып, кәсібімді жандандырсам деймін. Жаза басып жаңылған уақытта қолдау көрсеткен отбасыма да көмек бергім келеді. Пробация қызметкерлеріне де алғысым шексіз, – дейді сотталған азамат.
– Мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз гранттарға пробация есебіндегі азаматтар да белсенділік танытып, бизнес жобаларын дайындап, комиссия мүшелеріне ұсынып жатыр. Солардың ішінде осы сотталғанның бизнес жобасы мақұлданып, мемлекеттен қайтарымсыз грант берілді. Жаза басып, жаңылған азаматтардың жеке кәсіпке бет бұруы бізді де қуантады, – деді аудандық пробация қызметінің бастығы Серік Сейталиев.