Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте виски ұрлаған ер адам камераға түсіп қалды

Шымкентте виски ұрлаған ер адам камераға түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның «102» арнасына Әл-Фараби ауданында орналасқан азық-түлік дүкендерінің бірінде ұрлық болғаны туралы хабарлама түсті. Сатушының айтуынша, белгісіз біреу сауда сөрелерінен қымбат алкогольдік сусындарды ұрлаған.

Полиция қызметкерлері арызды ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Тексеру кезінде ұрлық сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалғаны анықталды. Ер адам дүкенге емін-еркін кіріп, бір бөтелке вискиді алып, шалбарының ішіне салып, жайбарақат шығып кеткен.

Іздестіру шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер тегін ішімдікке әуес азаматты ұстады. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған 31 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазір бұл жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бөлшек сауда орындарының иелеріне ұрлықпен күресу үшін келесі шараларды қабылдау ұсынылады: сауда нүктесіндегі нашар көрінетін бұрыштарды жою; жақсы жарықтандыруды қамтамасыз ету; сауда алаңы мен касса аумақтарын бақылауға болатын бейнебақылау жүйелерін орнату.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру