Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте жұмысындағы сейфтен 7,5 млн теңге ұрлаған жігіт сотталды

Шымкентте жұмысындағы сейфтен 7,5 млн теңге ұрлаған жігіт сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай АПБ-ға «102» арнасы арқылы жеке кәсіпкер арызданды. Ол өз шағымында көлік жөндеу орталығындағы сейф ішінен 7,5 млн теңгесі ұрланғанын жеткізді.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Қызметкерлер ғимарат маңындағы бейнекамераларды тексеріп, күдіктінің жеке басын анықтады. Ол сол орталықта дөңгелек жөндеумен айналысатын жұмысшы болып шықты. Оңтайлы сәтті пайдаланған жас жігіт түн ортасында көлік жөндеу орталығына терезе арқылы кіріп, сейфтен ақшаны алып, ізін суытқан.

Аталған жайт Абай АПБ-да ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі 3- тармағы (Аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша тіркелді.

Полицейлер жан-жақты жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 23 жастағы Түркістан облысының тумасы қала аумағында ұсталды.

Тергеу барысында ер адам сейф ішінде қомақты қаражат сақталатынын байқап, қылмысқа алдын ала дайындалғаны анықталды. Ал ұрланған ақшаны жеке қажетіне жаратып жіберген. Тергеушілер оның кінәсін дәлелдейтін айғақтар мен жинақталған іс-құжаттарды сотқа жолдады.

Сот шешімімен айыпталушы 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру