Шымкенттік азамат марқұм әкесінен қалған қаруды полицияға тапсырды
Шымкенттік азамат марқұм әкесінен қалған қаруды полицияға тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекші ауданының тұрғыны Андрей Акимов әкесінен қалған тіркелмеген қаруды үйінен тауып алғанын айтты
– Мен бұған дейін біздің үйде қару сақталғанын білмеппін. Тамыз айында әкем қайтыс болды. Кейін арада біраз уақыт өткен соң, қаруды кереуеттің астынан тауып алдық. Тіркелмеген, заңсыз қаруды әрі қарай сақтайтын ойым болмады. Бірден полицияға өткізген дұрыс деп шештім, – дейді заңға бағынушы азамат.
Тәртіп сақшылары тұрғынның бұл әрекеті өте орынды екенін айтып, оған заң бұзушылыққа жол бермегені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын түсіндірді.
Айта кетейік, атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын қылмыстарға жол бермеу, сондай-ақ заңсыз сақталған атыс қаруы мен оқ-дәрілерін анықтау мақсатында қала аумағында “Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Шара барысында полицейлер тіркелген қарудың барлық иелерін, мамандандырылған дүкендерді, күзет фирмаларын, мал жайылым учаскелерін және тағы басқа орындарды тексеріп жатыр.
Бұл күндері атыс қаруы мен оқ-дәрілерді анықтау, тәркілеу, оларды сатып алу және заңсыз айналымға түсу көздерін анықтау жұмыстары жүзеге асырылады. Аталған іс-шара қазан айының 9-11 аралығында өткізіліп жатыр.