Шымкенттік полицейлер 208 азаматтың құқықтық мәртебесін реттеді
Қазақстан Республикасы ІІМ Көші-қон қызметі комитеті БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғары Комиссары Басқармасы, «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро», «Сана Сезім» Әйелдер құқықтық бастамалар орталығымен бірлесіп, мәртебесі реттелмеген адамдарды анықтау және құжаттандыру бойынша кең ауқымды акция өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шара шеңберінде Шымкент қаласы бойынша құқықтық мәртебесі реттелмеген 208 азамат анықталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығына қатыстылығын анықтау мақсатында 117 азаматтың құжаттары жинақталып, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алуға анықтама берілді. 79 адам азаматтығы жоқ тұлға ретінде танылып, азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігін беру бойынша жұмыстар жүргізілді. 12 азаматтың құқықтық мәртебесін анықтау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
2020 жылғы 24 қыркүйекте басталған акция 2021 жылдың 1 мамырына дейін жалғасады. Сұрақтар бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінің көші-қон қызметіне 97-63-34, 97-63-02 телефондары арқылы хабарласуға болады.