Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматылық полицей тұрғын үйге қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні құрықтады

Алматы қаласында полиция қызметкері қылмыс орнынан кетіп бара жатқан қарақшыларды “ізін суытпай” ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Наурызбай ауданында екі қаскүнем ересектері жоқ тұрғын үйге заңсыз кіріп, кәмелетке толмаған балаларды байлап, құнды заттарды ұрлап, қашып кетпек болған, бірақ олардың жоспарын сол маңнан өтіп бара жатқан полиция қызметкері бұзған.

– Таңертең үй иелері мен олардың үлкен қызы жұмысқа кеткен кезде екі қаскүнем біреудің үйіне басып кірген. Үйдің ішінде кішкентай балалар болған. Бейтаныс адамдарды көріп, балалар жылай бастаған, сол кезде “шақырылмаған қонақтар” оларды байлап тастау туралы шешім қабылдаған. Дәл осы уақытта Алматы қаласының ПД қызметкері үйіне қайтып келе жатқан, ол сол көшенің жоғарғы жағында тұрады. Жәбірленушінің үйінен шығып бара жатқан күдіктілерді байқаған полицей көршілерінің үйінен таң атпастан кетіп бара жатқан “қонақтардың” кім екендігін білгісі келген. Домофонға ешкім жауап бермегендіктен, полиция қызметкері жеке үйдің ашық тұрған есігінен кіріп, байланған, әрі қорқып отырған балаларды көрген. Балаларды тез арада босатқан полиция қызметкері күдіктілердің ізінен жүгірген. Олар азиат типтес,  40-45 жас шамасындағы екі ер адам болған. Полиция қызметкері жәбірленушінің көршісінің көлігіне отырып, қылмыскерлердің ізінен түскен. Бірнеше минут ішінде олар қарақшылар мінген көлікті басып озған. Олардың жолын бөгеген кезде таксидегі екі адам секіріп түсіп, қаша жөнелген. Полицей олардың біреуін ұстап үлгерді, – деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.

Тергеу барысында қаскүнемдердің бірінің бұрын осындай қылмыстары үшін сотты болғаны анықталды. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған және оның сыбайласына қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабының 2-бөлігі (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

– Полицей қаскүнемдерді қызметтен тыс уақытта тоқтатты, ол тіпті бұл фактіні байқамай қалуы да мүмкін еді, бірақ ол өзінің қызметтік және азаматтық борышын орындады. Мұндай адалдық пен батылдық фактісі назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ, біз полицейлер атынан жәбірленушілердің көршісіне де алғыс айтамыз, ол өз көлігімен полиция қызметкерімен бірге күдіктілердің ізіне түсті. Айтпақшы, екінші күдіктіні  ұстау мәселесі де көп күттірмей шешіледі,  – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру