Шымкенттік полицейлер балалар үйінің бүлдіршіндерін қуантты
Шымкенттік полицейлер балалар үйінің бүлдіршіндерін қуантты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында мегаполис сақшылары өз қамқорлығындағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл-күй сыйлады. 70-тен астам бүлдіршіндермен кездесіп, оларға жаңа жылдық сыйлықтар тарту етті.
Мерекелік шараға Полиция департаменті бастығының орынбасары Сырым Абдуллаев, Кадр саясаты басқармасының бастығы Данияр Ундербаев пен орынбасары Екатерина Точилова, Штаб басқармасы бастығының орынбасары Салтанат Қаракөзова, Қаратау АПБ-ның бастығы Данияр Плалов және тағы басқа тәртіп сақшылары қатысты. Сондай-ақ қалалық әкімдіктен, Білім басқармасынан, «Аманат» партиясы мен прокуратура және Қаржы басқармаларының ресми өкілдері келді.
Өз кезегінде бүлдіршіндер бар өнерлерін ортаға салып, би билеп, ән айтып, өлең оқыды. Балалар үйінің басшысы қонақтарға ізгі ниетпен, өз алғысын білдірді.
– Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлеріне балаларға көрсетіп келе жатқан қамқорлығы үшін көп рақмет. Бұл кісілер бізге тек материалдық тұрғыдан емес, бүлдіршіндердің құқық сауатын арттыруда және оларды тәртіпке шақыруда айтарлықтай зор үлес қосып келеді. Осыдан 9 жыл бұрын басшылыққа келгенімде мұнда тәртібі қиын, есепте тұратын жасөспірімдер көп еді. Қазір бірде-бір бала есепте тұрмайды. Балаларымыздың көпшілігі алдағы уақытта полиция қызметкері болуды армандайды. Қазіргі таңда, №4 балалар үйінің 3 тәрбиеленушісі ҚР ІІМ-нің Қарағанды академиясында, тағы 2 бала Суворов әскери мектебінде білім алуда, – дейді №4 балалар үйінің басшысы Нұрсәуле Тастыбаева.
Мерекелік жиынға қатысушы қонақтар да балаларға зор денсаулық, қажымас қайрат пен мол бақыт тіледі. Еліміздің болашағы жастардың қолында екенін айтып, білімде озат, өнер мен спортта үздік болуды тіледі.