Шымкенттік полицейлер карантиндік талаптарды сақтамаған кафені анықтады
Шымкенттік полицейлер карантиндік талаптарды сақтамаған кафені анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елдегі індетке байланысты Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері Еңбекші ауданы аумағында орналасқан кафе-мейрамханаларға, ойынхана клубтарына тексеру жүргізді. 27 сәуір күні сағат 22:00-де тексеру барысында Шымкент қаласы Т.Рысқұлов көшесі бойында орналасқан «Сезім» кафесіне мониторинг жүргізу барысында, карантиндік талаптарды сақтамай жұмыс жасап жатқаны және қызметкерлері бір реттік бетпердені мүлдем тақпағаны анықталды. Келушілердің кафеге кіру барысында дене қызуы өлшейтін құрал, диз-кілемше және антисептик болмаған.
Анықталған деректерге қатысты жинақталған материалдар шара қабылдау үшін Еңбекші ауданы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасының қауіпсіздігін бақылау басқармасына іс-құжаттар жолданып, түсініктеме алынды.
Осыған орай, полиция қызметкерлері құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне түсіністікпен қарауды және карантин кезінде азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға назар аударуды сұрайды.