Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкент тұрғыны полицияға заңсыз сақталған 35 мың дана оқ-дәріні тапсырды

Шымкенттік тұрғын полицияға заңсыз сақталған 35 мың дана оқ-дәріні тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өткізілуде. Ерікті түрде тапсырылған қару-жарақ заттары үшін мемлекет тарапынан әрбір қару үшін оның техникалық жай-күйіне байланысты оннан бастап жүзге дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйақы төленеді. Қару-жарақ заттарын тапсырған азаматтарға сыйақы есепшоттарына аударылады. Тапсырылған қарулар қылмыс жасауға қолданбағандығын растайтын қажетті сараптамалардан өтеді. Бұдан бөлек, сараптама бағасы үш санаттың біріне жатқызуға мүмкіндік береді – осыдан сыйақының сомасы белгіленетін болады. Акция шарттарына сәйкес, қарудың “жасалған қылмыстарға” қатысы болмаса, полицейлер қарудың қайдан келгені жайлы айтуға міндеттемейді. Дегенмен, адамдар оларды қайдан алғаны жайлы түсінік беріп жатады.

– Ағымдағы жылдың 20 сәуірінен бастап республика көлемінде халықтан заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өтіп жатыр. Акция барысында екі дана тегіс ұңғылы мылтық және 34 900 дана оқ-дәрі қабылданды. Қазіргі таңда баллистикалық сараптама тағайындалды, – деп атап өтті Шымкент ПД Қаратау аудандық полиция басқармасы Әкімшілік полиция бөлімі Азаматтық және қызметтік қару айналым бақылау тобының аға инспекторы Берік Асқаров.

Қаруды заңсыз сақтау – бұл өз басыңды тәуекелге тігу. Ретсіз пайдалану кезінде ол жарақат немесе өлімге себеп болуы, қылмыскерлердің қолына түсуі де мүмкін. Қаруды міндетті түрде тапсырған жөн. Ерікті түрде тапсырған жағдайда әкімшілік пен қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру