Шымкенттік полицейлер киберқылмыскерлердің тобын ұстады
Шымкенттік полицейлер киберқылмыскерлердің тобын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бес жас жігіт өздерінің қылмыстық кибероперацияларын сенгіш тұрғындарға қоңырау шалу арқылы жүргізіп отырған. Сонымен қатар, қылмыстық топтың әр мүшесінің өзіндік «міндеттері» болған. Бірі – алаяқтықтың ұйымдастырушысы, басқалары банк немесе кез-келген қаржы ұйымы операторларының рөлін атқарған, ал үшінші мүшесі банкоматтардан түскен ақшаны шешіп отырған.
Қазіргі уақытта полицейлер аталған топтың интернет-алаяқтықтың 20-дан астам жайтына қатысы барын анықтады. Бүкіл ел бойынша алданған азаматтар бар. Олардың тарапынан келтірілген шығын көлемі анықталуда. Жәбірленушілердің айтуынша, алаяқтар өздерін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде сенімді түрде таныстырып отырған.
Мәселен, жергілікті тұрғынға «банк қызметкері» қоңырау шалып, азаматтың атынан несие рәісмдегелі жатқанын хабарлаған. Содан бұл әрекетті болдырмау үшін қоңырау шалушы тұрғыннан қажетті ақпараттар: банк картасының мәліметтерін, SMS-кодын және тағы басқа деректерді біліп алған. Кейін қала тұрғыны оның атынан екі млн теңгеге несие рәсімделгенін білген.
Ал кейбір жәбірленушілерге қаскүнемдер карточкасынан біреулер үлкен сомада ақша аудармақшы екендігін айтып, өз қаражатын сақтап қалу үшін аталған шот нөміріне бар ақшаны аудару керектігін жеткізген. Банктің жалған қызметкерлерінің нұсқауларын Әл-Фараби ауданының тұрғыны да орындаған, содан ол шамамен төрт млн теңге көлемінде қаржысынан айырылған.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде, тәртіп сақшылары банкоматтардан қолма-қол ақшаны алу міндеті жүктелген күдіктілердің бірінің ізіне түскен. Ол арқылы жедел уәкілдер тағы екеуін ұстаған. Қалған екеуі Ресей Федерациясы аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадициялау жұмыстары жүргізілуде.Тексеру барысында күдіктілерден 46 банк карточкасы, алты ұялы телефон және 20 SIM-карта анықталып, тәркіленген. Полиция қызметкерлері бұл қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатқа ие болу ықтималдығын жоққа шығармайды.
Интернет-алаяқтармен күресу үшін мегаполис полицейлері тұрақты түрде тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, биыл Шымкент қаласының Полиция департаментінде арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына тәжірибелі жедел уәкілдер мен тергеушілер кіреді. Бүгінгі таңда топ 94 интернет-қылмысты ашты.