Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ Алматы академиясында Рүстем Қайдаровты еске алуға арналған іс-шара өтті

ІІМ Алматы академиясында Рүстем Қайдаровты еске алуға арналған іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

18 мамыр – аты аңызға айналған ардақты тұлға, генерал-майор Рүстем Есімханұлы Қайдаровтың туған күні. Республикалық “Генералдар кеңесі” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал Рүстем Қайдаров 2019 жылы желтоқсан айында ұшақ апатынан қаза тапқан болатын.

Қазақстан полициясының аңыз адамы Р. Қайдаровтың еңбек жолы баршаға мәңгілік үлгі-өнеге болмақ. Жоғары лауазымда болған генерал Р. Қайдаровтың ішкі істер органына сіңірген еңбегі зор.

Алматы академиясында оның туған күніне орай ұйымдастырылған кездесуге республикалық “Генералдар кеңесі” қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен Р. Қайдаровтың туысқандары келді. Іргетасын Р. Қайдаровтың өзі қалаған “Генералдар кеңесі” республикалық қоғамдық бірлестігі – бүгінгі таңда Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері, Қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан, мемлекеттік күзет қызметі, шекара, төтенше жағдай, әскери сот пен прокуратура органдарының зейнетке шыққан генералдарының басын қосып отырған іргелі ұйым.

ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы А. Сайтбеков Рүстем Қайдаров  абыройлы атаққа лайықты азамат болғанын және оның қазақ жерінен шыққан Ұлы Отан соғысы батырларының ерлігін, ержүрек ұландарын дәріптеуде де көп еңбек сіңіргенін атап айтты. Құрметті демалыста болса да, келер ұрпақтың жүрегіне Отан үшін жанын пида етіп, нағыз ерліктің өнегесін танытқан қазақстандық батырлардың есімін ұялату үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгірді.

Кездесуде республикалық “Генералдар кеңесі” қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы М. Телегусов, оның бірінші орынбасары Б. Сарсеков және Рүстем Қайдаровтың жұбайы Аймен Қайдарова да сөз сөйлеп, тыңдаушылар мен курсанттардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесуге Р. Қайдаровпен замандас болған генералдар мен отбасы мүшелері құрметті қонақ болды. Қонақтар Алматы академиясында ашылған “Р.Қайдаровтың аудиториясын” аралап, аудиторияның ашылуынан түсірілген бейнероликті тамашалады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру