Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жастарды радикалды идеялардан қалай қорғауға болады: Алматыда халықаралық тәжірибе талқыланды

Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстандық және шетелдік сарапшылар бас қосып, радикалданудың алдын алу жолдарын, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін талқылады.

Конференция Академияның 70 жылдығына орай Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) бірлесіп ұйымдастырылды. Оған ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратура өкілдері, ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі жастар арасында радикалды көзқарастардың таралуына жол бермеу болды. Әлеуметтік желілердегі теріс ықпалды қалай дер кезінде байқауға болады? Кәмелетке толмағандарды зиянды интернет-контенттен қалай қорғауға болады? Қатысушылар осы сұрақтарды қазіргі жағдайды ескере отырып талқылады.

Сондай-ақ киберэкстремизмге қарсы іс-қимыл, заңсыз әрекеттерді қаржыландыруда криптовалюталарды пайдалану және қауіпсіздік саласындағы жасанды интеллект мүмкіндіктері сөз болды. Жастардың радикалдануының алдын алу мен балаларды зиянды ақпараттан қорғауға да ерекше назар аударылды.

– Бүгінде қауіпті идеялар әлеуметтік желілердегі қарапайым жазбалар мен бейнероликтер арқылы да байқатпай таралуы мүмкін. Сондықтан мұндай әрекеттерді анықтаумен қатар, жастардың теріс ықпалға неліктен бейім болатынын да түсіну маңызды. Бұл бағытта құқық қорғау органдары, мамандар мен қоғам бірлесіп жұмыс істеуі керек. Мәселені неғұрлым ерте байқасақ, оның ауыр салдарының алдын алуға мүмкіндік соғұрлым көп болады, – деді Алматы академиясы бастығының орынбасары Дмитрий Еремеев.

Конференция барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, шетелдік озық тәсілдерді Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылына және "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында профилактикалық жұмысты дамытуға ерекше мән берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру