Шымкенттік полицейлер түнде жүрген жасөспірімдерді қадағалауда
Шымкенттік полицейлер түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерді қадағалауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді.
Мәселен, 12 желтоқсанда Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы ЖПҚБ ювеналды полиция қызметкерлері аудандық прокуратура қызметкерлерімен бірлесе отырып рейдтік іс-шара жүргізді. Нәтижесінде, түнгі уақытта үйден тыс жерде үлкендердің еріп жүруінсіз жүрген 6 кәмелет жасына толмаған жасөспірім анықталды.
Аталған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы) бойынша ескерту жасалды. Бір жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді.
Ойын-сауық орталықтарында жүрген кәмелетке толмаған жасөспірім мен ойынхана иесі анықталды. Ойынхана иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы 1-тармағы (Кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейiн заңды өкiлдерiнiң бірге жүруiнсiз ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шара қолданылды.
Сондай-ақ, жыл басынан бері қала аумағында түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерді анықтауға және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар бойынша 4057 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оларға қатысты тиісті шаралар қолданылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.