Шымкенттік полицейлер зейнеткерді тонап кеткен ер адамды «ізін суытпай» ұстады
Шымкенттік полицейлер зейнеткерді тонап кеткен ер адамды «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ-ның кезекші бөліміне Шымкент қаласының 83 жастағы тұрғыны арызданған. Ол өз арызында күндізгі сағат 12:45 шамасында зейнетақысын алуға «Гиперхаус» сауда орталығындағы банкоматқа кезек күтіп отырғанында төс қалтасындағы құны 80 000 теңге тұратын ұялы телефонын белгісіз ер азаматтың ашықтан-ашық үптеп кеткендігін жазып көрсеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркелді.
Сәйкесінше, тәртіп сақшылары арыз түскен сәттен бастап жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Полицейлер оқиға болған жердегі бейнебақылау камераларын жіті қарап, күдіктінің түр-тұлғасын анықтады.
Тәртіп сақшыларының жұмысты жылдам ұйымдастыруының нәтижесінде, ұялы телефонды ашық түрде тонаған күдіктінің ізіне түсіп, небәрі екі сағаттың ішінде қолға түсірді.
Күдікті азамат өзі ұрлаған ұялы телефонды «Гарант» сауда үйінде сатайын деп тұрған жерінен ұсталды. Ол Түркістан облысының тұрғыны екені анықталды. Бұрын-соңды сотты болмаған. Өз кінәсін толық мойындап отыр. Қазіргі уақытта ұялы телефон иесіне қайтарылды.