Шымкенттік полицейлер жоғалған 10 жастағы қызды тауып, ата-анасына тапсырды
Шымкенттік полицейлер жоғалған 10 жастағы қызды бір сағатта тауып, ата-анасына тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 желтоқсанда түнгі сағат 23:30-да Әл-Фараби АПБ-ның 102 желісіне жергілікті тұрғыннан қоңырау келіп түсті. Оның айтуынша, күндізгі сағат 17:30 шамасында 10 жастағы қызы үйінен шығып, қайта оралмаған.
Әл-Фараби АПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімі қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларына жұмылды. Қыздың жүруі мүмкін деген аумақтар жіті қаралды. Бейнебақылау жүйелері тексеріліп, көрген-білгендерден жауап алынды. Тәртіп сақшылары арада бір сағат уақыт ішінде жоғалған 10 жастағы қызды Жангельдин көшесіндегі «Эврика» сауда үйінің маңынан тауып, ата-анасына тапсырды.
Белгілі болғандай, анасы қонаққа кеткенде, қызы артынан еріп шыққан. Бірақ үйдегі әпкелері қызды анасымен кетті деп ойлап, мән бермеген. Өз бетімен үйден шығып кеткен қыз бала «Забадам» шағын ауданынан Жангельдин көшесіндегі «Эврика» дүкені аумағынан бір-ақ шыққан.
– Қызымды жедел әрекеттерінің арқасында аман-есен тауып берген қырағы полицейлерге алғыс айтамын. Қазір қызым жанымда аман-есен, – деп ризашылығын білдірді қыздың анасы.