Шымкенттің бас полицейі халықпен кездесті
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков Абай ауданына қарасты Қайнарбұлақ саяжайы елді мекенінің тұрғындарымен жүздесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға басшылық құрам, Абай АПБ-ның бастығы, аудан әкімі, учаскелік аумаққа бекітілген полицейлер мен 160-тан астам тұрғын қатысты.
Кездесуде алғашқы сөз кезегін алған генерал Қайрат Дәлбеков жыл басында Шымкентке 5-ші аудан қосылғанын, осыған байланысты мегаполистің аумақтық бөлінісінде бірқатар өзгерістер орын алғанын баяндады. Соның ішінде, Қайнарбұлақ саяжайы елді мекені бұрын Қаратау ауданына қарасты болса, қазір Абай ауданының аумағына өткен. Осы тұста, учаскелік полиция қызметкерлері мен Абай АПБ-ның басшылығына жаңа тұлғалар тағайындалғанын атап айтты.
Келесі кезекте, Абай АПБ-ның жаңадан сайланған бастығы Қаржауов Бауыржанды елді мекен жұртшылығымен таныстырды. Бауыржан Қаржауов халыққа жыл басынан бері атқарылған жұмыс нәтижелері мен алдағы уақытқа қойылған жоспарлар туралы баяндады.
Шымкенттің бас полицейі сөзден іске көшуді ұсынып, полицияның сервистік моделіне сәйкес халыққа жақын, ашық әрі қолжетімді болуды қолдайтынын нақтылады. Содан соң, азаматтарға қордаланған мәселелер мен полиция қызметіне қатысты ұсыныс, сауалдарды қоюға мүмкіндік берілді.
Сөз алған тұрғындар, әртүрлі сұрақтар мен өздерін мазалайтын мәселелер бойынша ұсыныс білдірді. Оның ішінде учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмыс сапасы, көшедегі бұралқы иттер мен 100-ден астам мал басын ұстайтын шаруашылық иелеріне қатысты сауалдар болды. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы тәртіп мәселесі мен ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақыты, дүкендердегі спирттік өнімдер мен кәмелетке толмағандарға темекі сату заңсыздықтары да талқыға салынды.
Көтерілген мәселелер бойынша департамент бастығы Қайрат Дәлбеков жауапты басқарма бастықтарына тікелей тапсырма беріп, жеке бақылауында болатынын жеткізді. Алдағы уақытқа елді мекен аумағында рейдтік шаралар өткізу жоспарланды. Білікті азаматтардан құрылған белсенді қоғам мүшелері соңғы жылдары бұл аумақта тіркелген қылмыстар саны едәуір азайғанын және тәртіп орнағанын айтып, полициямен бірлесіп жұмыс істеуге әрдайым дайын екенін жеткізді. Жиын соңында, аудан ақсақалдары ақ батасын беріп, тәртіп сақшыларын жұмысына толағай табыс тіледі.