Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Соғыс жылы туған Валентинаның естелігі

Құрметке лайық қазыналы қарттарымыздың бірі, бүгінде жасы тоқсанды алқымдап қалған, саналы ғұмырында адал еңбек етіп, қазір соның зейнетін көріп отырған Саумалкөл ауылының тұрғыны Валентина Запорожец.


Валентина Алексеевна 1933 жылдың 17 қарашасында Ресей Федерациясының Владивосток қаласында дүниеге келген. Кейіннен жанұя жағдайына байланысты Новороссийск маңындағы шағын бір селоға қоныс аударады. Валя әжейдің балалық бал дәурен шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Бұлар тұрған селоны 1942 жылдың қысында неміс басқыншылары басып алады. Сол бір ауыр жылдарды Валя әжей былайша күрсіне еске алады:

– Соғыс жылы туған балалар балалық шақтың бал дәуренін еркін тата алмадық. Жаңа ғана құрылып, аяғын енді тәй-тәй басып келе жатқан бейбіт елге неміс фашистері тұтқиылдан соғыс ашып, небір нәубет жылдарды басымыздан өткердік. Біз тұрған үйге неміс әскерінің штабы орналасты. Әкеміз Алексей Дробязков соғыстың алғашқы күндері-ақ майданға аттанған. Шағын ғана шаруашылығымыз, бір сиыр мен екі-үш торай болатын. Торайларды немістер келе салысымен тамаққа сойып алған. Біз шешеміз Наталья Карповнамен үйдің қасындағы бір шағын сарайда тұрдық. Менен басқа інім Коля мен сіңлім Лидия болды. Сарай суық, жейтін тамақ жоқ. Қолға түскенді талғажау қылатынбыз. Әлі есімде, немістердің штабы орналасқан біздің үйде тұтқынға түскен Леня деген бір ағай болды. Ол үйдің пешін жағып, немістердің асын дайындап беретін. Үйдегі жалғыз сиырдың сүтін сауып, әлгі фашистерге апарады. Кей кездері олардан жасырып бізге сүт береді. Арада шамалы уақыт өткен соң бізді балық тасымалдайтын баржаларға артып, теңізбен Қырым жақтағы бір лагерьге алып барды. Сол жерде бізді шешемізден айырып, өңкей балаларды Германияға алып кетті. Мен інім мен сіңлімді тастамай, соларға бас-көз болып, бірге алып жүрдім. Онда келген соң Эрна Давыдовна деген неміс әйелінің үйінде тұрдық. Ол әйелдің сыра зауыты болатын. Өзіміз сияқты он бір бала сонда жұмыс істедік. Бұғанамыз қатпаған жас балалармыз. Қатты шаршайтынбыз. Алайда, көретін жарық күніміз бар екен. Немістер жеңіліске ұшырап, біздің әскерлер келгеннен кейін бізді тұтқыннан босатып, бәрімізді елге қайтарды. Бұрынғы үйімізге қайтып оралдық. Біз әлі жас болғандықтан мемлекет бізге бір асыраушы тағайындады. Содан жарты жылдар шамасы өткенде шешеміз де аман-есен оралды. Біз осылайша ер жетіп, адам қатарына қосылдық. Соғыстан кейінгі жылдар да ауыр болды. Тың басталған жылдары Қазақстанға келдік. Қазақтар бізді құшақ жая қарсы алып, қолдағы барларымен бөлісті. Осылайша біз осы жерде тұрақтап қалдық. Несін айта берейін, біз біраз қиыншылықтарды басымыздан кештік. Енді ондай күндердің бетін аулақ қылсын, елімізде тыныштық болсын, жастарымыз аман болсын.

Валентина Алексеевна кәмелеттік жасқа толған соң тау-кен техникумында білім алып, Новоукраинка кентінде орналасқан геологиялық-барлау экспедициясында жұмыс істейді. Тұрмысқа шығып, жанұя құрады. Аталмыш кәсіпорынның шахтасында ұзақ жылдар істеп, қырық бес жасында зейнеткерлікке шығады. Жұмыс істеуге әбден үйреніп қалған, екі қолын қусырып қарап отыра алмайтын Валентина Алексеевна қысқа мерзімдік бухгалтерлер курсін бітіріп, сол жердегі 72-түзету колониясына есепші болып жұмысқа орналасады. Бұл 1984 жыл болатын. Осы жерде 1993 жылдың сәуір айына дейін жұмыс істейді. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын маман әріптестері, ұжымы арасында сыйлы болды.

Басшылар тарапынан бірнеше мәрте марапатталды.

Мекемеде істеп жүрген кездегі басынан өткерген мына оқиға әлі күнге дейін көз алдында.


Ақпан айының ызғарлы таңдарының бірі. Мекеме аумағындағы дүкеннің дүкеншісі Нина Кашникова екеуі дүкендегі заттарды тексеріп жатқан. Бір кезде дүкенге төрт сотталған баса көктеп кіріп, екеуін кепілдікке алады. Төртеуінің де ойы бостандыққа сытылып шығу. Түзету мекемесінің әкімшілігімен байланысқа шығып, өздерінің талаптарын қояды. Сонда қойған шарттары, өздерін көлікпен, қарумен қамтамасыз етіп, Көкшетау әуежайына дейін жеткізу, сол жерде ұшақ беріп қалаған жақтарына кетуге мүмкіндік беру. Кепілдікке алынған екеуді қолдарын байлап, қосалқы бөлмеге қамап қояды.

Мекеме әкімшілігі сотталғандармен келіссөзге шығып, кепілге алынғандарды босату жайын ойластырады. Арада біршама уақыт өткенде облыс орталығынан, Қарағандыдан арнайы жасақ келеді. Сотталғандар әбден ашу-ызаға мінген. Уақыт та алға қарай ақырын жылжиды. Қосалқы бөлмеде түнді өткізген екеуі біраз азапты бастарынан кешеді. Қаныпезерлер екеуінің үстіне жанармай құйып, мекеме әкімшілігі айтқанымызды орындамаса, өртеп жібереміз деп қоқан-лоқы жасайды. Әбден қандары қарайған олар Валентина Алексеевнаның бір құлағын шорт кеседі. Келісілген уақытта түрме қақпасының алдына көлік әкелінеді. Өздерімен бірге дүкенші Нина Кашникованы алып шыққан олар, көлікке отырып, аумақтан шыға бергенде арнайы жасақ сарбаздары кепілдегі адамды босату операциясын бастап кетеді. Өздеріне жақындап келе жатқан сарбаздарды байқап қалған сотталғандар көліктегі кепілгерді бірден жайратып салады. Арнайы операция барысында екі қаныпезер мерт болып, екеуі қолға түседі.


Осы оқиғадан кейін Валентина Алексеевна бір-екі айдан соң өз еркімен жұмыстан шығады.


Валентина Запорожец қазір Саумалкөл ауылында тұрады. Кейуананың жалғыз ғана тілегі еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен дейді. Біз де өз тарапымыздан, әжейге еңбегіңіздің зейнетін көріңіз, бақытты да ұзақ қариялық ғұмыр кешіңіз деген жүрекжарды тілек айтылды.


Отансүйгіштікке тәрбиелеу мен белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруда да ардагер ата-апаларымыздың өмірі мен еңбек жолдары үлгі болмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру