Солтүстік Қазақстандағы кавалерия бөлімшесінің қызметі жайлы
Елдің тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі, қылмыстың алдын алу және қылмыскерді құрықтау, заңсыздықты анықтау – тәртіп сақшыларының басты міндеті. Осындай жауапкершілігі мол қызметті қалтқысыз орындауға полицейлерге темір тұлпардан бөлек, мал патшасы жылқы да көмекке келеді. Бітімі бөлек, жылқы малының қызметтегі рөлі мен баптау жолдары жайлы Polisia.kz сайтының тілшісі осы мақалада баяндап бермек.
Қазақстанның бірқатар өңірінде, атап айтсақ Абай, Ақтөбе, Павлодар облыстарында, ШҚО мен БҚО-да, сондай-ақ Солтүстік Қазақстанда салт атты полицейлер қызмет етеді. Соның ішінде СҚО Петропавл қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының кавалерия бөлімшесінің қызметіне тоқталайық.
Бұл бөлімшенің құрамында 17 полицей, 13 жылқы бар. Осы орайда ат үстінде тәртіп күзетемін дейтін азаматтарға да құлақ қағыс болсын. Дәл қазіргі таңда бөлімшеде екі жұмыс орны бос екен.
Солтүстік Қазақстан облысының кавалерия бөлімшесінде полиция старшинасы Жақсылық Кожелдақов қызмет етеді. Бұл салада 10 жылдан астам тәжірибесі бар. 2011 жылы осы бөлімшеге кавалерист болып қызметке тұрған. Ал 2019 жылы командир лауазымына тағайындалған. Тәртіп сақшысының айтуынша, бұл бөлімше бұрын взвод болған екен. 2004 жылдан бері өз қызметін жалғастырып келеді. Бөлімшедегі 13 жылқы полицейлердің серігі ғана емес, қызметтегі көлігі.
– Біздің басты мақсатымыз – халықтың сенімін ақтап, тыныштығын күзету, қауіпсіздігіне жауап беру. Біз салт атты полиция қызметкерлері көлік патрульдерінің өте алмайтын бағыттарын қадағалаймыз. Яғни, қаладан тыс саяжайларды жіті бақылаймыз. Бұл қызметтің ерекшелігі – біздің көлігіміз – жылқы. Демек, біз өзімізге ғана емес, үстіне мінген тұлпарға да жауап береміз, – дейді полиция қызметкері.
Салт атты полицейлердің жұмысы таңғы сағат 7-ден басталады. Аттарын тазалайды. Жай-күйін бақылап, тамақтандырады. Ер-тоқымын кигізіп, жұмысқа дайындайды. Одан соң ауысым бойынша қызметке кіріседі.
– Біз үлкен территорияны бақылаймыз. Әр саяжайдың аумағы әртүрлі. Күнделікті екі бағытқа төрт атты қызметкер шығады. Жалпы, біз жылқыны сәуір мен қазан айлары аралығында өзімізге серік етеміз. Жұмыс ұзақтығы ауа райына да байланысты. Қазір қазан айында күн суық емес, сондықтан біз жұмысты әлі де тоқтатпаймыз. Бір күндік жұмыс уақытының ұзақтығы – 7 сағат. Ауысым түнгі сағат 12-ге дейін жалғасады. Егер күн райы -10 градустан төмен болса, жұмыс уақыты екі сағатқа қысқарады, – деп атап өтті Кожелдақов.
Командирдің сөзінше, қызметтегі аттарға күнделікті нұсқаулықтар жүргізіледі. Жылқы мінезді, шыдамды жануар болғанымен, оған да арнайы күтім қажет. Аттарға полицейлер өздері қарайды. Себебі басқа тәртіп сақшысына мінез көрсетуі мүмкін. Тіпті демалыс кезінде де келіп, аттарының жағдайын жасайды. Себебі қызметтегі серік – жұмысқа сақадай сай болу қажет. Алайда кавалерист-полицейдің өзі болмай қалған жағдайда, әрине басқа қызметкер жылқыға бас көз болады екен.
Мұндағы қызметтегі аттар суыққа төзімді, ыстыққа шыдамды келеді. Олар 3-4 жастан бастап қызметке үйретіледі екен. «Олардың жейтін тамақтарына да мұқият боламыз» – дейді погонды шабандоздар. Жалпы, аттар кәмпит, күлше, қант жейді. Бірі жеміс-жидек жесе, кейбірінің таңдауы көкөніске түседі.
Саяжайлардағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу – кавалерист-полицейлердің негізгі міндеттерінің бірі. Олар халықпен тығыз байланыста болады. Жақсылық Кожелдақовтың сөзінше, жұмыс маусымында жүргізілетін рейдтердің маңызы өте зор. Себебі мұндай рейдтермен жаз айларында белең алатын заң бұзушылықтарға тосқауыл болады.
Сонымен тәжірибелі полицей ат үстінде қызмет етудің артықшылығы мен ерекшелігін де тілге тиек етті.
– Ерекшелігі сол, біз көлікпен немесе мотоциклмен, яки жаяу жүрмейміз. Мінген тұлпарымызға да жауап береміз. Ат үстінде қызмет ету – спорттың бір түрі десем де болады. Мұндағы жылқылардың өз айырмашылығы бар. Олар қызметке үйретілген. Үнемі арнайы бақылауда болады. Себебі ат – бейбіт күнде астымыздағы көлік. Бұл қызметтің ерекшелігі таза ауада, қайнаған нағыз тіршіліктің ортасында жүреміз. Жұртқа да жақынбыз, – дейді ол.
Полиция старшинасының пікірінше, бөлімшедегі аттардың санын көбейту керек екен. Себебі оларға берілген аумақтың көлемі үлкен. Мұндай үлкен аумақты күзетуге полицейлерге серік болатын тұлпардың көптігі – саяжайлардағы тыныштықты арттырады.
Жалпы, атты полиция әртүрлі құқық бұзушылықтардың алдын алады. Темір тұлпардың жетуі қиын орман алқаптарында, демалыс аймақтарында, қала шетіндегі саяжайларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ең қолайлысы, ұтымдысы – атты полиция. Яғни, біздің полицияда жылқының тыныштықты сақтауда өз рөлі бар. Сондықтан погонды шабандоздардың қызметі өз маңызын жоғалтпайды.