Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстікқазақстандық полицейдің қызметі туралы

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген нәзік жанды полицейлер жайлы ақпарат ұсынады.

Бүгінгі таңда кез келген мамандықта ерлер мен әйелдер қатар қызмет атқарып келеді. СҚО Мамлют ауданы полиция бөлімі штабының аға инспекторы Оксана Журавельдің сөзінше, бұның өзіндік артықшылықтары бар дейді. Өйткені әр жұмыста әйелдердің тиянақтылығы мен төзімділігі қажет.

Ол 2012 және 2021 жылдар аралығында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшесінде қызмет атқарған.

– Бұл қызметте адамның жан дүниесін түсініп үйренесің. Қолайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға жаным ашиды. Бірде отбасылардың бірінен 3 жастағы баланы алуға мәжбүр болдық. Пеш жағылмайтын үйде ата-анасының маскүнемдікке салынғанын көрген баланы аядым. Қорқып қалған бала «Сізге мама деп айтуға болады ма?» деп сұрады. Мен бірден рұқсатымды бердім. Қазір туыстары баланы қамқорлығына алып, болашағын қызықты әрі жарқын етуге барын салып жатыр. Жақын арада мектепті аяқтайды, спортпен айналысып жүр, – дейді Оксана.

Қазір Оксана аудандық полиция бөлімінің штабында қызмет атқарып жүр. Оның міндеттеріне талдау жасау, бөлімнің жұмысынын ұйымдастыру, бастықтың халықпен кездесулерін дайындау кіреді. Облыс орталығына жақын әрі халық тығыз қоныстанған ауданда бұл өте маңызды. ПБ бастығы Пёетр Климов мектептегі буллингтің, интернет-алаяқтықтың, нашақорлықтың алдын алу сияқты тақырыптардағы кездесулерді жиі өткізеді.

Оксана басқа балаларға көмектесіп жүргенде оның ұлы әжесінің тәрбиесінде болды. Оксананың жолдасы – учаскелік полиция инспекторы, өзі секілді үнемі жұмыста.

– Ұлымыз барлығын өзі істеп өсті. Оған музыка, әсіресе, рок ұнайды. Өзі топ құрды. Мен де музыканы сүйіп тыңдаймын. Бос уақытта бірге отырып, әңгіме-дүкен құрамыз, – дейді полиция қызметкері.

8 наурыз қарсаңында Оксана Журавель барлық әйелді мерекемен құттықтап, мықты денсаулық, отбасы бақытын, қызметте жоғары жетістіктерге жетуді, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүруді тілейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру