Созақ ауданында 10 күн ішінде 9 той-жиын анықталып, тоқтатылды
Созақ ауданында 10 күн ішінде тоғыз той-жиын анықталып, тоқтатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда кең етек жайған індеттің күшеюіне байланысты, облыс тұрғындарының арасында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында Созақ ауданы көлемінде мобильдік топтар құрылып, іс-шаралар жүргізілуде.
Карантин кезінде Созақ АПБ-ның қызметкерлері мобильдік топпен бірлесіп, рейдтік іс-шара жүргізу барысында, той жасаған жергілікті тұрғын анықталды. Ол 50-ден астам адамды жинап, Шолаққорған ауылында өзінің үйінде ұлын үйлендіріп, беташар тойын ұйымдастырған. Аталған жайтқа байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Созақ аудандық СЭББ-ға жолданды.
Мәселен Созақ ауданы көлемінде 10 күн ішінде бірнеше рет қайталанып, өз өмірлерімен қоса басқа да тұрғындардың өмірлеріне қауіп төндірген той иелері анықталды. Яғни 10 күнде алты беташар, бір қыз ұзату, бір құдалық, бір ұжымдық демалыс өткізілген. Полиция қызметкерлері аталған жайттарды дер кезінде тоқтатып, тұрғындарды тарқатқан. Орын алған оқиғаларға қатысты құжаттар тиісті орынға жіберілді.
Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.