Созақта пробация есебіндегі 18 сотталғанға медициналық көмек көрсетілді
Созақта пробация есебіндегі 18 сотталғанға медициналық көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы Созақ аудан әкімдігінде қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік кеңестің отырысы өтті.
Аталған жиында алдымен күн тәртібінің регламенті бекітілді. Аудандық пробация қызметі бөлімшесінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік құқықтық көмек көрсету мәселелері туралы Созақ аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы Нұрсұлтан Нұрымбетов баяндама жасады.
Яғни, аудан көлемінде пробация есебінде қанша адам есепте тұр, олардың бүгінгі әлеуметтік, психологиялық жағдайы және оларға пробация тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер туралы сөз қозғалды.
Нақтырақ айтар болсақ, қазіргі таңда Созақ аудандық пробация қызметінде 43 сотталған есепте тұр. Оның ішінде 19 азамат бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза, 14-і шартты түрде сынақ мерзіміне сотталған. 10 азамат белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылған. Ал осы бас бостандығын шектеу жазасына тартылғандардың арасында бір зейнет жасындағы адам бар.
– Сот үкімімен тағайындалған жазаны өтеу тәртіптері мен шарттарын қасақана орындамағандар және де пробация қызметінің бақылауынан жалтарғаны үшін ҚР ҚК-нің 44-бабы 3-бөлігі (Бас бостандығын шектеу) және 64-бабының 3-бөлігі (Шартты түрде соттаудың күшін жою) бойынша іс-құжаттар Созақ аудандық сотына жолданды. Сот нәтижесі бойынша бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін түзеу мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, жаза өтеуден және бақылаудан жалтарып, сот жүктеген міндеттерді орындамай жүрген бір сотталған азаматқа іздеу жарияланды. Жыл басынан бері 20 сотталған азаматқа психологиялық, 18 азаматқа медициналық көмек көрсетілді. Тағы бір айта кетер жайт, аудан әкімінің қаулысы бойынша жұмыссыз сотталғандарды жұмысқа орналастыру квотасы бекітілген болатын. Яғни, Созақ аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған жұмыссыз жүрген сотталғандарды жұмысқа орналастыру үшін аудан көлемінен жауапкершілігі шектеулі серіктестігенен үш орын белгіленген, – деді Нұрсұлтан Нұрымбетов.
Осы тіркеуде тұрған азаматтардың бүгінгі жағдайлары кеңес отырысында назарға қойылды. Созақ аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Е. Даулетбаев аудандық пробация қызметі бөлімшесінің есебінде тұрған адамдарды бос жұмыс орындарына орналастыру және еңбекпен қамту, әлеуметтік көмектер тағайындау бойынша түсіндірме берді.