Созақтық полицейлер жүзден астам карантин талаптарын бұзушылықты анықтады
Созақтық полицейлер жүзден астам карантин талаптарын бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы аумағында карантиндік режимнің ұзартылуына байланысты облыстық Полиция департаментінің полицейлері шектеу шараларын сақтау және азаматтар мен қоғамдық тамақтану, сауда орындары мен қызмет көрсету объектілерінің иелері тарапынан карантинді бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Облыс орталығы Түркістан қаласы мен барлық аудандарда полиция, әкімдік, СЭС және басқа да мүдделі орган қызметкерлерінен мобильдік топтар құрылды, олар күн сайын көшелер мен адамдар көп жиналатын орындарды күзетеді. Аталған мобильдік топтар Түркістан облысы тұрғындарының бетперделік режимі мен әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауына ерекше назар аударады. Сонымен қатар, халықпен санитарлық – эпидемиологиялық нормаларды сақтаудың және жеке қорғаныш құралдарын киюдің маңыздылығы туралы түсіндіру әңгімелерін үнемі өткізіп тұрады.
Мысалы, Созақ ауданында полиция қызметкерлерімен жүргізілген рейдтер барысында мобильдік топтар 46 карантин режимін бұзу жайтын анықтады және ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Оған қоса Созақ АПБ қызметкерлері енгізілген карантинге қарамастан, ұйым қызметкерлерінің қатысуымен санитарлық нормаларды бұзуда жиналыс өткізген геологиялық ұйымдардың бірінің басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Нәтижесінде құқықбұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 800 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, рейдтік іс-шаралар кезінде адамдар жаппай шомылатын жерлерден ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы «Ортақ су пайдалану ережелерін бұзу» бойынша 78 құқықбұзушылық тіркелді. Полицейлер жергілікті тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияның таралу қаупіне және карантиндік режимді сақтау қажеттілігіне байланысты тыйым салынған жерлерде шомылуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Барлық анықталған фактілер бойынша жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жіберілді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды карантин режимінің талаптарын сақтауға, үйден шықпауға, медициналық бетперде киюге және әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырады.