Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Созақтық жігіт ауылдасының ауласынан құрылыс құрал-жабдықтарын ұрлап кеткен

Созақ ауданында полицейлер құрылыс құрал-жабдықтарын ұрлау қылмысын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ аудандық ПБ-нің кезекші бөліміне аудан орталығының тұрғыны арызданып, оның құрылыс құралдары ұрланғандығы туралы хабарлаған. Шолаққорған ауылы тұрғынының айтуынша, түнгі уақытта оның ауласына белгісіз адамдар кіріп, екі болгарка мен жұмыс бәтеңкесін ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 40 мың теңгеден асты. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.

Оқиға орнына келген аудандық полиция қызметкерлері аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алып, басқа да жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Жедел шаралар нәтижесінде Созақ АПБ-ның полиция қызметкерлері құрылыс заттарын ұрлаған күдіктіні қолға түсірді. Ол жәбірленушінің ауылдасы, Созақ ауданының тұрғыны болып шықты. Полиция бөліміне жеткізілді. Айғақ зат ретінде полиция қызметкерлері жігіттен ұрланған құралдар мен аяқ киімді тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды.

Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Тергеу барысында ұрының басқа да осыған ұқсас қылмыстарды жасауға қатыстылығы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға қырағы болуды және өз мүліктерін сақтауға қажетті барлық шаралар қабылдауды ұсынады. Мүмкіндігінше өз үйіңіздің қоршауы мен қақпасын нығайту, аулада жарық орнату, сондай-ақ терезелерге темір торлар мен есіктерге сенімді құлыптар орнату керек. Бағалы заттар мен құрылыс құралдарын сенімді жерлерде сақтаған жөн. Бағалы заттар ұрланған немесе жоғалған жағдайда тез арада «102″ телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру