СҚО бойынша ҚАЖД-ның жаңа бастығы тағайындалды
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің бұйрығымен әділет полковнигі Әділет Хажетұлы Мұстафинов Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы болып тағайындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әділет Мұстафинов 1971 жылдың 6 наурызында Абай облысының Семей қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Омбы аграрлық университетін, 2007 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. Зоотехника және құқықтану мамандықтары бойынша екі жоғарғы білімі бар.
Ішкі істер органдарындағы қызметін 2000 жылы Павлодар облысы бойынша салық полициясы комитеті басқармасының Павлодар облысы бойынша ауданаралық бөлімінің инспекторы лауазымынан бастады.
Сондай-ақ ол бұған дейін Павлодар облысы бойынша ҚАЖД өзіндік қауіпсіздік тобының ІІО аға жедел уәкілі, ҚР ІІМ ҚАЖК құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жедел басқармасы бастығының орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, Павлодар облысы бойынша ҚАЖД бастығы лауазымында қызмет еткен.