СҚО-да 12 жазғы лагерьде полицейлер профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр
СҚО-да 12 жазғы лагерьде полицейлер профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл маңындағы “Достық” жазғы лагерінде демалып жатқан балалар үшін СҚО полицейлері арнайы бағдарлама ұсынды: жедел әрекет ету арнайы жасағының көрсетілімді жаттығуы, патрульдік автокөліктің мүмкіндіктерімен танысу, есірткіге қарсы эстафета. Шараны СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының және ТЖД қызметкерлері бірлесе ұйымдастырды.
Погон таққан тәртіп сақшылары балаларға қауіпсіз мінез-құлықтың барлық қырын еске салды: терезеден балалардың құлау қаупінен бастап, өрт қауіпсіздігі мен жол қозғалысы ережелеріне дейін. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар және әлеуметтік желілерде жеке ақпарат тарату қауіптері туралы түсіндірілді.
Кездесудің ерекше сәті — арнайы жасақ сарбаздарының көрсетілімді жаттығуы болды. Олар қарулы қылмыскерге қарсы тұруға мүмкіндік беретін жауынгерлік әдістерін көрсетті. Патрульдік полиция қызметкерлері балаларға қызметтік көліктің салонында отырып көру, дауыс зорайтқыш құрылғыны іске қосып көру мүмкіндігін ұсынды.
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері балаларға есірткі заттарының қаупі және оларды таратуға байланысты қатаң жауапкершілік туралы айтып, қызықты спорттық эстафета өткізді.
— Солтүстік Қазақстан облысы аумағында 12 балалар сауықтыру лагері жұмыс істеп тұр, олардың әрқайсысына полиция қызметкерлері бекітілген, — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.
“Заң және тәртіп” қағидатын жүзеге асыру аясында жасөспірімдер қылмысының және балалар жарақатының алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бұл жұмыс облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.