Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да 1500 адам қатысқан спорттық шарада полицейлер қауіпсіздікті қамтамасыз етті

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют аудан орталығында жаңғыртылған "Жастар" стадионының ашылу салтанаты өтіп, спартакиада ұйымдастырылды. Оған облыстың түкпір-түкпірінен шамамен 1500 адам жиналды. Олардың қатарында 18-ден 23 жасқа дейінгі 640 спортшы және оларды сүйемелдеушілер бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Үш күнге созылған спорттық іс-шара барысында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін Мамлют ауданының полиция бөлімі қызметкерлері және облыстық полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері қамтамасыз етті. Полицейлер спорт нысанында, қонақтар орналасқан орындарда және көрермендер көп жиналатын аумақтарда тәулік бойы кезекшілік атқарды.

Жарыс арасында полиция қызметкерлері волонтерлермен бірлесіп отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балалар жарақатының және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында іске қосылған Telegram мессенджеріндегі жаңа TazaQazBot боты туралы айтып берді.

Бот арқылы заңсыз қоқыс орындары, қоқыстың уақытылы шығарылмауы, көшедегі жарықтандырудың жұмыс істемеуі, жол жамылғысының зақымдануы және басқа да мәселелер туралы хабарлауға болады. Ол үшін мәселені суретке түсіріп, нақты орналасқан жерін немесе геолокациясын көрсетіп, хабарлама жіберу жеткілікті. Ақпаратты полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, экологтар мен прокурорлар алады.

Полицейлер мен волонтерлер, сондай-ақ Мамлютка тұрғындары мен қонақтары QR-коды бар, ботқа сілтемесі көрсетілген жадынамаларды таратуға қатысты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу — "Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыру аясындағы полиция жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру