СҚО-да 724 қару жойылды
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 724 бірлік қаруды жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР заңдарымен заңсыз қаруды заңдастыру көзделмеген, сондықтан барлық тәркіленген қару жоюға жатады. 1 және 2 шілде күні СҚО полицейлері заңсыз атыс қаруының кезекті партиясын жойды. Бұл рәсім жылына бір рет, комиссияның қатысуымен міндетті түрде бейне тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Ең алдымен полицейлер камераға жоюға жататын қару үлгілерінің нөмірлерін атайды, ұңғыларын кесіп пайдалануға жарамсыз етеді. Кейін мөрленген жәшіктерге салынған қару күзетпен құрыш балқытатын пеші бар кәсіпорынға жеткізіледі. Осы жолы 724 қару балқытылды. Оның ішіндегі 26-сы әкімшілік және қылмыстық соттардың шешімімен жоюға жіберілді.
– Бұл заңсыз сақталған, сондай-ақ заңсыз аңшылық, бұзақылық әрекеттер жүзеге асырылған тәркіленген қылмыс қаруы, – деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Тылдық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Александр Терехов. – Негізінен заңсыз қаруды облыс тұрғындары өз еркімен тапсырып жатады. Көп жағдайда мұра ретінде қалған аңшылық мылтығын тапсырады, адамдар қауіпті затты ресімдегісі келмейді. Жоғалған немесе жасырылған қаруды тауып алып тапсыратындар да бар. Мұнда тек тегіс ұңғылы қару ғана жойылады, ойықты қару оңтүстік астанаға жіберіледі.
Жойылған партияның ішіндегі 109 үлгіні солтүстікқазақстандықтар тіркелмеген қаруды сатып алу бойынша былтырғы акция барысында тапсырған. Полицейлер ерікті түрде тапсыру арқылы ғана заңсыз сақтағаны үшін жауапкершіліктен босатылуы мүмкін екенін еске салады. Жүргізіліп жатқан акция аясында тіркелмеген қарулар, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың иелері ақшалай сыйақы ала алады. Ол үшін аумақтық полиция бөлінісіне немесе «102» арнасына қоңырау шалу қажет.