СҚО-да бір аптада 22 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды
СҚО-да бір аптада 22 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Апаттылықты азайту, ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін жол-көлік оқиғаларын болдырмау – «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде полицейлердің алдына осындай міндеттер қойылды. Іс-шара Солтүстік Қазақстан облысында 13-17 ақпан аралығында өтті. Күшейтілген тексерулердің нәтижесінде 5 күн ішінде 22 мас жүргізуші анықталды. Көлік тізгініне мас күйде отыру қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Қазір тәртіп бұзушылар әкімшілік қамақ түріндегі жазаларын өтеп жатыр және келесі 7 жыл ішінде оларға көлік жүргізуге тыйым салынған.
Сондай-ақ тексеру барысында жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 6 фактісі анықталды. Полицейлер ескерткендей, жолаушыларды жеке тасымалдаумен айналысу үшін рұқсат құжаттары болуы қажет, атап айтқанда, жолаушыларды сақтандыру полистері болуы керек. Заңсыз тасымалдаушылар тарапынан клиенттер үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.
– Ең жиі жасалған бұзушылықтардың бірі – жолдың рұқсат етілмеген жерінен немесе бағдаршамның қызыл түсіне өту. Өз өмірлерін қатерге тігіп қана қоймай, жолда апатты жағдай туғызуға шақ қалған 292 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар көлік басқару құқығынан айырылған 9 жүргізуші анықталды. 122 адам жылдамдықты асырғаны үшін, 2 адам жолдың қарсы қозғалыс бөлігіне шыққаны үшін жазаланды. Жедел-профилактикалық іс-шара кезінде облыста жол жүрісі қағидаларының түрлі 1880 бұзушылығы анықталды, — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.