СҚО-да бір күннің ішінде екі жазатайым оқиға орын алды
СҚО-да бір күннің ішінде екі жазатайым оқиға орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 шілде күні Солтүстік Қазақстан облысында жазатайым оқиғалардан 2 адам қаза тапты. Есіл ауданында 60 жастағы ер адам аттан құлап мерт болды. Ақжар ауданында симментал бұқасы балық аулап отырған 67 жастағы балықшыға шабуыл жасаған. Біршама уақытқа кетіп қалған бақташы қайтып келгеннен кейін жаралы балықшыны анықтайды. Көптеген жарақат алған ауыл тұрғыны аудандық ауруханада қайтыс болды. Аталған фактілер бойынша аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері тексерістер жүргізіп, сараптамалар тағайындады, мақсаты – оқиғаның қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп, жоққа шығару.
Ақжар ауданындағы оқиға қараусыз жүрген малдың қауіп төндіретінін тағы да көрсетіп отыр. Бақташы денсаулыққа зиян келтіруге әкеліп соқтырған, мал жаю ережелерін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы 2-бөлігі бойынша жазаланды. Жалпы жыл басынан аталған бап бойынша 1229 хаттама толтырылған.
– Мал иелері анықталғанға дейін арнайы қамау орындарына 3225 мал қамалды. Облыс тұрғындарын заңнама талаптарын сақтауға, малдың еркін бағылуына жол бермеуге және малды күту кезінде сақ болуға шақырамыз, – деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.