Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да еліміздегі полиция қызметкерлері арасындағы үздік волейбол командасы анықталды

СҚО-да еліміздегі полиция қызметкерлері арасындағы үздік волейбол командасы анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен және “ARLAN” спорт клубының қолдауымен өткен Қазақстан Республикасы ІІМ-нің волейболдан республикалық чемпионаты өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған тартысты додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген құқық қорғау органдарының үздік командалары қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша Жетісу облысы полиция департаментінің командасы қола жүлдеге ие болды. Күміс жүлдені Шымкент қаласы полиция департаментінің волейболшылары жеңіп алса, Абай облысы полиция департаментінің командасы чемпион атанды.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов волейболдың полиция қызметкерлері үшін жай ғана спорт емес, қызметтік даярлықтың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл ойын жедел әрекет ету қабілетін, командалық өзара іс-қимылды және күйзеліске төзімділікті дамытады. Сондай-ақ мұндай жарыстар әр өңірден келген әріптестер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қазақстан волейбол федерациясының төрешілер алқасының өкілдері, “ARLAN” спорт клубының басшылығы және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі марапаттады. Чемпионаттың маңызды қорытындыларының бірі – жоғары деңгейдегі жарыстарда министрлік намысын қорғайтын Қазақстан Республикасы ІІМ құрама командасының жобасын қалыптастыру болды.

Полиция қызметкерлері жекпе-жек спорт түрлерінен бастап президенттік көпсайысқа дейін түрлі жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып келеді. Осындай турнирлерге қатысу салауатты өмір салтын, тәртіп пен командалық рухты нығайту арқылы “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын іске асыруға да өз үлесін қосады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру