СҚО-да ерлік жасаған полицейлердің аналарына алғыс хаттар берілді
СҚО-да ерлік жасаған полицейлердің аналарына алғыс хаттар берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрпақ тәрбиесі отбасынан бастау алады. Адам өмірін құтқарған әр полицейдің ерлігінде дұрыс тәрбие берген ата-аналардың еңбегі бар.
СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов адамдарды құтқару кезінде батылдық пен жанқиярлық танытқан қызметкерлердің аналарына салтанатты жиында алғыс хаттар табыс етті.
Сақшылардың төртеуі су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде сауатты әрекет ете білгені үшін Қазақстан полициясы күні қарсаңында мемлекеттік наградаларға ие болды.
20 жастағы Жасұлан Бекжанұлы – СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының қызметкері. Еңбек жолын бастағанына жарты жылға жуықтаған. Петропавлдағы Ойқала шағын ауданының тұрғындарын эвакуациялау кезінде өміріне қауіп төнсе де, егде жастағы ерлі-зайыптыны терең су басқан үйден алып шықты. Батылдығы үшін Қазақстане Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан “Ерлігі үшін” медалін алды.
Бұдан бөлек, Астана қаласында ҚР ІІМ-де өткен салтанатты іс-шарада Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның учаскелік полиция инспекторы Владимир Синицын, Петропавл қ. ПБ екінші бөлімінің жедел уәкілі Біржан Бәкіров, Қызылжар ауданы полиция бөлімі учаскелік инспекторының көмекшісі Ақыл Байтеңізов те “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.
Сондай-ақ Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Бахтияр Дощанов пен Азамат Темірхановтың аналары шақырылды, патрульдік полицейлер осы жылдың мамыр айында бесінші қабаттағы балконнан секірмек болған қыздың өз-өзіне қол жұмсауына жол бермеді.
– Бұл батыл әрекеттердің барлығы сіздердің еңбектеріңіз, бұл – ата-аналардың орасан зор еңбегінің, ұйқысыз өткен түндерінің және күнделікті қамқорлығының нәтижесі екені сөзсіз. Ұлдарыңызды лайықты азамат етіп тәрбиелегендеріңіз үшін рақмет, – деп атап өтті Айдын Қабдұлдинов.
Сонымен қатар іс-шарада қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Қазақстан полициясы күніне орай ІІМ бұйрығымен басқа да қызметкерлер марапаттарға ие болды.