СҚО-да есірткіге қарсы күреске үлес қосқан белсенділер марапатталды
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшелері ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтың төрағалығымен өткен республикалық кеңес отырысына қатысты. Жиын бейнеконференция байланысы режимінде өтті. Онда жартыжылдықтың қорытындылары талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бауыржан Әленов республикалық және өңірлік деңгейдегі кеңестердің жұмысын жоғары бағалап, олардың тиімділігін атап өтті. Жарты жылдың ішінде елімізде жастар арасында есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған ондаған жарқын іс-шара өткізілді. Түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған бейнематериалдар көптеп әзірленді. Осы орайда, СҚО полицейлерімен бірлесе түсірілген "Закладчики. Расплата" фильмі еліміздегі үздік деректі жобалардың қатарынан көрінді. Алты ай ішінде YouTube желісінде 1,5 миллионнан астам қаралым жинаған.
Бейнеконференция аяқталғаннан кейін СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиев кеңестің белсенді мүшелеріне алғыс хаттар табыстады. Олардың арасында №17 Ұлттық жаңғыру мектебінің директоры Ляззат Жалмұқанова да бар. Ол ұйымдастырған ауқымды флешмоб пен спорттық мереке оқушылардың есінде қалды.
Полицейлердің айтуынша, есірткіге және есірткі қылмысына қарсы тиімді қорғаныс жүйесін тек азаматтық қоғаммен тығыз өзара іс-қимыл арқылы ғана құруға болады.