СҚО-да кәсіпкерлер ірі көлемдегі астық ұрлығын ашқан полицейлерге алғысын білдірді
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдиновтың атына «Атамекен-Агро» акционерлік қоғамы басқарма басшылығының атынан алғыс хат келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәсіпкерлер Тимирязев ауданындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорнынан жасалған ірі көлемдегі астық ұрлығын ашқан полицейлерге алғысын білдірген.
– Осы хатымыз арқылы СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Нұртас Ыбыраев пен Алмаз Жәкеновке ризашылығымызды білдіреміз. Аталған қызметкерлер қысқа уақыт ішінде үлкен сомадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің ұрлығын ашты. Сізге және сіздің ұжымыңызға алдағы уақытта сәттілік және кәсіби жетістіктер тілейміз, – делінген хатта.
Облыстық полиция департаменті бұған дейін сомасы 32 миллион теңгеге жуықтаған, салмағы 200 тоннаға тарта бидайды ұрлаған екі күдіктінің ұсталғаны туралы айтқан еді. Қылмыстық істі Тимирязев ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері тергеуде және қазіргі уақытта сотқа жіберуге дайындап жатыр.
Полицейлердің айтуынша, шаруалардың мүлкін қорғау – полицияның астықты өлкедегі жұмысының маңызды бағыттарының бірі.