СҚО-да өткен жылы 19 сотталған отбасын құрды
СҚО-да өткен жылы 19 сотталған отбасын құрды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылы облыс мекемелерінде 13 сотталған отбасын құрса, 2021 жылы 19 сотталған үйленді. Отбасын құру 46%-ға артқан. Осы жылда бір сотталған отбасын құрып үлгерді.
-Бас бостандығынан айыру орындарында неке қию сирек жағдай емес. Көптеген түзету мекемелерінде неке тіпті сотталғандарға оң әсер етеді. Сотталушы тәртібінің үлгілі болып, мерзімінен бұрын босатылып шығуына ынталандырады. Туыс емес адамдармен кездесуге шектеу қойылғандықтан, сотталғандар түрмеде неке қияды. Бас бостандығынан айырылғандар азаматтық жарымен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен тек екі сағатқа ғана кездесе алса, заңды жарымен ұзақ мерзімді кездесуге, яғни екі тәулікке мүмкіндік алады, – деді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.
Сотталған Олег пен Антонина 15 жылдан бері таныс. Екеуінің де бірінші некелерінде жолдары болмаған. Бірге жұмыс істеген, жылдар өте келе достықтары махаббатқа ұласқан. Екі жыл бірге азаматтық некеде тұрған. Үйленейін деп жоспар құрғанда, Олег ЕС-164/3 мекемесіне ұрлық жасап, бес жылға бас бостандығынан айырылған. Антонина сүйіктісін тосуға шешім қабылдап, бүгін екеуі некелерін заңдастырды.
– Бақыттымын, күтуге дайынмын. Бес жыл өтеді де шығады, уақыт өткінші, – деді Антонина.
Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан сотталғандармен некеге тұру рәсімі болашақ жұбайы сотталғанның тұрғылықты жері бойынша АХАТ органдарына, яғни Петропавл қаласының АХАТ-на барады, некеге тұру ниеті туралы мәлімдейді, АХАТ қызметкерінің қатысуымен өтініш толтырады, содан кейін бұл өтінішті болашақ жұбайы өтініштің екінші бөлігін толтыру үшін ҚАЖ мекемесіне береді. Сотталған әкімшілік қызметкерінің қатысуымен өтініштің екінші жағын толтырады және қол қояды.
– Оның қолын мекеме бастығы куәландырады. Арызға некеге отырған сотталған адамның жеке куәлігінің көшірмесі қоса беріледі және АХАТ-қа жіберіледі. Өтінішті алғаннан кейін АХАТ органдары некені тіркеу күнін белгілейді. Некені тіркеу күні мекемеге АХАТ қызметкері және сотталушының болашақ жұбайы келеді. Некені тіркегеннен кейін жаңадан келгендер алғашқы ұзақ кездесуге құқылы, – деді СҚО бойынша ҚАЖД арнайы есеп тобының бас маманы Гүлжан Абканова.