СҚО-да полицейлер мас скутер жүргізушісін ұстады
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мотоцикл, мопед және скутер жүргізушілері тарапынан бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 сәуірге қараған түні Тайынша ауданының орталығында учаскелік полиция инспекторы Yaqi скутерін тізгіндеген азаматты тоқтатты. Басқару құқығы жоқ 31 жастағы жүргізушіден спирттің мүңкіген иісі шығып тұрғандықтан көлік иесі сараптамаға жолданды. Медициналық куәландыру оның алкогольдік мас екендігін көрсетті. Тәртіп сақшылары құқық бұзушының үстінен әкімшілік материал жинап, сот жүргізушіге 20 тәулік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады.
Бұдан басқа, Тайынша қаласында скутер басқарған 15 жастағы жасөспірімнің ата-анасы да жауапкершілікке тартылды. Себебі бұл көлік құралын тек 16 жастан бастап пайдалануға болады.
– Шағын көлемді көлік иелерінен жол қозғалысы ережелері талаптарын қатаң сақтауын сұраймыз. Жасөспірімдердің ата-аналарына кәмелетке толмаған балаларыңызға скутер сатып алмас бұрын, олардың заңнаманың барлық талабын білетіндеріне және көлік құралын сенімді басқаратынына көз жеткізіңіз деп сұраймыз, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Розбах Явленка аудан орталығындағы оқиғаны сөз етті. Өткен сенбі күні 15 жастағы скутер жүргізушісі екіншісімен соқтығысып қалған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушы ретінде мінген оның құрдасы зардап шекті. Ол облыстық орталық медициналық мекемесіне жатқызылды. Екі жасөспірімнің ата-аналары 16 жасқа толмаған адамдардың скутер басқарғаны және кәмелет жасқа толмаған балаларын түнгі уақытта заңды өкілдерісіз серуендері үшін де жауапкершілікке тартылды.