СҚО-да полицейлер мен қоғам өкілдері есірткіге қарсы 100-ден астам іс-шара өткізді
СҚО-да полицейлер мен қоғам өкілдері есірткіге қарсы 100-ден астам іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде тәртіп сақшылары мен өңірдегі белсенді қоғам қайраткерлері және пікір көшбасшыларының кездесуі өтті. Олар жастардың есірткіге және есірткі қылмысына тартылуының алдын алуға полицияға жан-жақты көмек көрсетіп келеді.
Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиев бірқатар белсенді қоғам өкілдеріне ведомстволық төсбелгі мен алғыс хат табыстап, есірткі қылмыстарының және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің 5 жаңа мүшесіне куәліктер берді. Олардың қатарында спорттық "Aibyn team" қозғалысының жетекшісі Рүстем Ильясов та бар. Ол полициямен тығыз ынтымақтастықта спорттық және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға ұзақ уақыттан бері үлес қосып келеді.

Кездесуде Рүстем Ильясов өз қозғалысын тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен жұмыс жүргізуге пайдалануды ұсынды. Педагогтар өз кезегінде профилактикалық іс-шараларға мектеп президенттері мен белсенді оқушыларды тарту бастамасын қолдады. Мұндай ұсыныстар полицияның жастармен ақпараттық жұмыс аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Кеңес құрылған сәттен бастап түрлі форматтағы шамамен 100 профилактикалық іс-шара өткізілді. Ірі мәдени шаралар, интерактивті ойындар, шығармашылық ұжымдардың концерттері ұйымдастырылды. Кеңес мүшелері әлеуметтік роликтер, бейнеүндеулер, подкасттар және басқа да ақпараттық материалдар әзірледі. Бұл жұмыстар жастарға түсінікті және әсерлі форматта алдын алу мазмұнын жеткізуге ықпал етті.
