СҚО-да полицейлер оқушыларға жол бойында сабақ өткізді
СҚО-да полицейлер оқушыларға жол бойында сабақ өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданындағы Красная горка ауылының ұстаздары полицейлерге жүгініп, орта буынның оқушылары үшін жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізуді сұраған. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Азамат Букуев пен Ербақыт Ержанов балаларға жол қозғалысын реттеушінің белгілерін және Жезқазған – Петропавл тасжолындағы жаяу жүргіншілер өткелінен қалай өту керек екенін көрсетті.
Жолдың бұл учаскесінде жылдамдыққа шектеу белгіленген. Бірақ ұстаздар балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Өйткені ауыл республикалық маңыздағы жолдың екі жағында орналасқан. Бұл жаяу жүргіншілер өткелінде күн сайын адам аяғы көп жүреді.
Тәртіп сақшылары жол қозғалысының жас қатысушыларына жолдан өтпес бұрын, көліктердің тоқтап, жаяу жүргіншілерге жол бергеніне көз жеткізуі керек екенін, жолдың жанында жүгіруге, ойнауға болмайтынын және жол үстіне кенеттен жүгіріп шығуға болмайтынын айтты. Қараңғы уақытта киімде жарық қайтарғыш элементтері бар киімдер кию қажет екенін ескертті.
– Жол қауіпсіздігі қозғалыстың барлық қатысушысының тәртібінен басталады. Бала кезден үйренген ережелерді адам өмір бойы ұстанады. Сондықтан біз профилактикалық жұмыстарға көп көңіл бөлеміз. Ересектерді, әсіресе ата-аналар мен ұстаздарды балаларға жол жүрісі қағидаларын үйретуге, сақтауға шақырамыз. Өйткені өскелең ұрпақ ересектердің әрекетіне қарап үлгі алады, – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.